Қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі
қызметті декларациялау жобасына Қазақстан Республикасы
кәсіпорындарының (ұйымдарының) қатысуы туралы
үлгілік қағидалар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі қызметті декларациялаудың пилоттық жобасына жұмыс берушілердің қатысу қағидалары қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі олардың қызметін декларациялаудың пилоттық жобасына (бұдан әрі – Пилоттық жоба) жұмыс берушілердің қатысу тәртібін айқындайды.
2. Қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі жұмыс берушілердің қызметін декларациялау мынадай мақсаттарында жүзеге асырылады:
1) қызметкерлердің денсаулығын қорғаудың сапалы деңгейіне оның өнімділігін арттыра отырып қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қол жеткізу;
2) қызметкерлердің еңбек құқықтарын мейлінше толықтай және жан-жақты іске асыруға бағытталған жұмыс берушілердің қызметін жандандыру;
3) қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өзара ықыластылығы негізінде әлеуметтік әріптестік қағидаттарын іске асыруды қамтамасыз ету;
4) бақылаушы органдар тараптарының жүктемелерін төмендету есебінен жұмыс берушілердің ресурсын көбейту;
5) еңбек нарығында жұмыс берушілердің тартымдылығын арттыру;
6) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының негізгі ережелерін орындау жөніндегі өз жұмысын декларациялаған «Қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі сенім сертификатының» (бұдан әрі – Сенім сертификаты) иегерлері ретінде өндірушілердің бәсекелестік басымдылығын пайдалануға байланысты тауарлар мен қызметтердің табысты қозғалысы.
2. Жобаны ұйымдастырушылар
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының еңбек инспекциясы бойынша жергілікті органдары, облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының филиалдары, аумақтық кәсіптік бірлестіктер (облыстық кәсіподақтар кеңесі) Пилоттық жобаны ұйымдастырушылар болып табылады.
3. Жобаға қатысу шарттары
4. Пилоттық жобаның қатысушылары заңды тұлғалар немесе олардың филиалдары (бұдан әрі – Жұмыс беруші) болуы мүмкін.
5. Жұмыс берушілердің қызметінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуі олардың Пилоттық жобаға қатысу шарты болып табылады.
4. Өтініш-декларацияны қарау және
Сенім сертификатын беру тәртібі
6. Пилоттық жобаға қатысу үшін жұмыс беруші осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша «Қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі жұмыс берушілердің қызметін декларациялау» пилоттық жобасына қатысу туралы өтініш-декларацияны (ол болған кезде) кәсіподақ органымен бірлесе толтырып, орналасқан жері бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жібереді.
7. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган өтініш-декларацияны алған күннен бастап бір ай мерзімде Пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың қарауын ұйымдастырады.
Қажет болған жағдайда, көрсетілген мерзім ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары декларацияланған мәліметтерді еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестендіру мәніне тексеру үшін кемінде 1 күн бұрын алдын ала хабарлама бере отырып, кәсіпорынға жұмыс уақытында барады.
Кәсіпорынға бару кезінде мемлекеттік еңбек инспекторлары тек декларацияланған мәліметтер аясында жіті шолып шығу үшін құжаттарды сұратуға, жазба жасауға құқылы.
8. Мемлекеттік еңбек инспекторлары қарау нәтижелері бойынша жұмыс берушілерді Жобаға қатысуға жіберу немесе жібермеу туралы қорытынды жазады.
9. Сенім сертификатын беруден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) декларацияланған мәліметтердің еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі;
2) өтінім берілген күнге дейін бір жыл ішінде орын алған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған еңбек заңнамасының бұзылуы;
3) өтінім берілген күнге дейін бір жыл ішінде орын алған жұмыс берушінің кінәсінен өндірістегі ауыр немесе адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалар;
4) мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеру жүргізу үшін жұмыс берушіге баруға рұқсат беруден бас тартуы.
10. Мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысы Пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың отырысында қаралады және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес хаттамаға қол қою арқылы Сенім сертификатын беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылданады, ол туралы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган өтініш берушіге хабарлама жібереді.
Пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың деректер қорындағы мәліметтерді ескере отырып, Пилоттық жобаны ұйымдастырушылар жұмыс берушінің «шынайылық презумпциясы» негізінде шешім қабылдайды.
11. Пилоттық жобаны ұйымдастырушылар оң шешім шығарған кезде жұмыс берушіге ресми түрде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Сенім сертификаты табыс етіледі, ол туралы ақпарат жоба ұйымдастырушыларының ресми сайтына (тізілімде 4-қосымша) орналастырылады.
12. Сенім сертификатын облыстардағы, Алматы, Астана қалаларындағы «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының филиалдары өз қаражаттары есебінен не Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржы көздерінен дайындайды.
13. Сенім сертификаты үш жыл мерзімге беріледі.
5. Сенім сертификатын алудың құқықтық салдары
14. Пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың Сенім сертификатын беруден бас тарту туралы шешімінің жұмыс беруші үшін заңдық салдары болмайды.
15. Сенім сертификатын алған жұмыс берушілерге қатысты еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган еңбек заңнамасының талаптарын сақтау бойынша жоспарлы тексерулер жүргізуді шектеуге кепілдік береді.
16. Жұмыс берушінің өтініш-декларацияда көрсетілген еңбек заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда, МЕИ Пилоттық жобаны ұйымдастырушыларға Сенім сертификатынан бас тарту туралы баяндау жазбахатын жолдайды. Сенім сертификатын қайтарып алу Пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың шешім шығаруы арқылы жүргізіледі, бұл туралы өтініш берушіге 3 жұмыс күні ішінде хабарлама жіберіледі.
17. Пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың Сенім сертификатын қайтарып алу туралы шешімі жұмыс берушіні Сенім сертификатын иеленушілердің тізілімінен алып тастай отырып, Пилоттық жобаны ұйымдастырушылар шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей Пилоттық жобаны ұйымдастырушылардың ресми сайтына орналастырылады.
1-қосымша үлгілік қағидаларға>>>
2-қосымша үлгілік қағидаларға>>>
4-қосымша үлгілік қағидаларға>>>