Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне өзгертулер мен толықтыруларды еңгізу туралы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 2 шiлдедегi № 165-VІ Қазақстан Республикасы Заңының (одан әрі - Заң) 1 бабының 4 тармағына сәйкес 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1) 23-баптың 2-тармағының 17) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

17) жұмыскерлердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға және міндетті әлеуметтік сақтандыруға арналған ақшаны ұстап қалу мен аудару туралы мәліметтердің сақталуын және мемлекеттік архивке тапсырылуын қамтамасыз етуге;

2) 53-бапта:

7-тармақтың бірінші бөлігіндегі "9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер" деген сөздер "9) тармақшасында көзделген негіз" деген сөздермен ауыстырылсын;

8-тармаққа орыс тілінде түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

3) 99-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

2. Жүкті әйел жүктілікке және босануға байланысты демалысқа құқық беретін еңбекке уақытша қабілетсіздік парағында көрсетілген күннен бастап демалысты оның аталған түріне құқықты растайтын еңбекке уақытша қабілетсіздік парағын ұсыну арқылы ресімдейді.

Жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы:

қалыпты босанған кезде – босануға дейін күнтізбелік жетпіс күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күнге;

қиын босанған немесе екі және одан көп бала туған кезде – босануға дейін күнтізбелік жетпіс күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс күнге;

ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге қалыпты босанған кезде – босануға дейін күнтізбелік тоқсан бір күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс тоғыз күнге (қиын босанған немесе екі және одан көп бала туған жағдайда – күнтізбелік тоқсан үш күнге);

жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол жеті тәуліктен астам өмір сүрген жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс күнге;

жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және өлі шарана туған немесе дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол өмірінің жетінші тәулігіне дейін шетінеп кеткен жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты күнге;

ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол жеті тәуліктен астам өмір сүрген жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік тоқсан үш күнге;

ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және өлі шарана туған немесе дене салмағы бес жүз және одан артық грамм бала туып, ол өмірінің жетінші тәулігіне дейін шетінеп кеткен жағдайда – босанғаннан кейін күнтізбелік жетпіс тоғыз күнге беріледі.

Әйел жүктілік кезеңінде еңбекке уақытша қабілетсіздік парағына өтініш жасаған кезде демалыс жиынтықтап есептеледі және босанғанға дейін өзі нақты пайдаланған күндерінің санына және жұмыс берушіде жұмыс істеген ұзақтығына қарамастан, толық беріледі.

Әйел босанғаннан кейінгі кезеңде еңбекке уақытша қабілетсіздік парағына өтініш жасаған кезде осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген ұзақтықпен босанғаннан кейінгі демалыс қана беріледі.";

4) 133-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

2. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша қабілетсіздік парақтары негіз болып табылады.".

Заңның 2 бабына сәйкес осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі (2018ж. 3 шілдедегі №123 (28752) «Егемен Қазақстан» ; АЖ «Эталондық бақылау банкі ҚР НҚА электрондық түрде» 2018 ж. 5 шілде).